Жаңалықтар
Терминалдық желіні дамыту Қытай – Қазақстан – Ресей көлік дәлізінің транзиттік әлеуетін күшейтуде
Қазақстан Еуразиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі ұстанымын нығайта отырып, терминалдық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытып келеді. Бұл туралы «Кедентранссервис» АҚ Бас директорының даму жөніндегі орынбасары Қуат Көбенов Омбы қаласында Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумы аясында өткен «Халықаралық кооперация: көлік дәліздерінің инфрақұрылымын дамыту: негізгі инфрақұрылымдық жобалар және су көлігі бағыттарын дамыту жобаларын іске асыру перспективалары» атты панельдік сессияда мәлімдеді.
Қытайдың Ляньюньган қаласындағы терминалы мен Сиань құрғақ портынан бастап Қазақстанның батыс өңірлеріне дейін орналасқан қолданыстағы 19 терминалды қамтитын ҚТЖ-ның дамыған терминалдық желісі, транзиттік әлеуетті кеңейту жөніндегі кешенді шаралардың жүзеге асырылуы контейнерлік тасымал көлемін айтарлықтай өсірді. Соңғы 12 жыл ішінде Қазақстан аумағы арқылы өтетін контейнерлік транзит көлемі 2013 жылғы 300 мың жиырма футтық баламадан (ЖФЭ) 2025 жыл қорытындысы бойынша 1,4 млн ЖФЭ-ге дейін ұлғайып, шамамен бес есеге артты.
Тасымал көлемінің тұрақты өсуі еліміздің аумағындағы және шекара маңындағы көлік-логистикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттігін көрсетеді. Сонымен қатар халықаралық нарықтардағы қатысуды кеңейту де басым бағыттардың бірі болып қала береді. Бүгінде ҚТЖ Ресейде, Беларусьте, Қытайда, Парсы шығанағы елдерінде және Еуропада терминалдық инфрақұрылым құру бойынша бірқатар жобаларды іске асырып жатыр.
«Қытай – Қазақстан – Ресей көлік дәлізі бүгінде толыққанды халықаралық көлік магистраліне айналды. Ортақ міндетіміз – оны халықаралық стандарттар мен логистика саласындағы заманауи талаптарға толық сәйкес келетін, тиімді әрі үздіксіз жұмыс істейтін көлік дәлізі ретінде одан әрі дамыту», – деп атап өтті Қуат Көбенов.

Жедел желі
