Жаңалықтар
«Кедентранссервис» АҚ Шанхай қаласында өткен «Қазақстан – Қытай» халықаралық бизнес-форумына қатысты
15–16 шілде күндері Шанхай қаласында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ делегациясының құрамындағы «Кедентранссервис» АҚ басшылығы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында өткен «Қазақстан – Қытай: көлік-логистикалық ынтымақтастық және электрондық коммерция – жаңа технологиялар, жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық бизнес-форумға қатысты.
Іскерлік бағдарлама аясында «Кедентранссервис» АҚ басшылығы Қытайдың жетекші көлік-логистикалық және инвестициялық компанияларының өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру, саланы цифрландыру және халықаралық көлік дәліздері шеңберіндегі ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Форум қорытындысы бойынша «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен SPSI Cloud Port Development Group Co., Ltd компаниясы Көкшетау және Чэнду қалаларында цифрлық технологияларды енгізе отырып, заманауи агрохабтар құру жөніндегі бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру туралы келісімге қол қойды. Аталған жобаны іске асыруға «Кедентранссервис» АҚ тікелей қатысады.
Сонымен қатар, «Кедентранссервис» АҚ мен China Harbour Engineering Company Ltd. компаниясы Алтынкөл және Достық станцияларындағы терминалдық инфрақұрылымды реконструкциялау, терминалдық қуаттарды дамыту және Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларды іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Қол қойылған келісімдер Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің дәйекті дамып келе жатқанын тағы бір мәрте айқындайды. Сондай-ақ олар бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Жедел желі
