Жаңалықтар
«Кедентранссервис» АҚ пен SPSI Group делегациясы ынтымақтастықты дамыту және логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелерін талқылады
SPSI Cloud Port Development Co., Ltd. Басқарма Төрағасы Хуан Сян мырза бастаған SPSI Group Қытай компаниясының делегациясы «Кедентранссервис» АҚ өкілдерімен бірге Алматы және Көкшетау қалаларындағы компания нысандарын аралап шықты.
Қонақтар Алматы қаласында «Кедентранссервис» АҚ –тың терминалдарының қызметімен танысып, олардың заманауи инфрақұрылымын, жоғары ұйымдастыру деңгейін және халықаралық логистикалық бағыттарды одан әрі дамыту әлеуетін атап өтті. Хуан Сян мырза терминалға жоғары баға беріп, бұл терминалдардың көлік және логистика саласындағы қазақстан-қытай ынтымақтастығын нығайтуда маңызды буын болып табылатынын атап өтті.
Көкшетау қаласында «Кедентранссервис» АҚ пен SPSI Group өкілдері Ақмола облысының әкімі М. М. Ахметжановпен және қала әкімі Ә.Қ. Күмпекеевпен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар бірлескен терминалдық қуаттарды дамыту келешегін, көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелерін және Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту жолдарын талқылады.
Өңір басшылығы жобаны іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдіріп, оның облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықаралық көлік байланыстарын кеңейту үшін маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде Хуан Сян мырза Ақмола облысының логистика саласындағы жоғары әлеуетін атап өтіп, «Кедентранссервис» АҚ-пен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға мүдделі екенін білдірді.
Сапар барысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен қытайлық SPSI Group компаниясының делегациясы арасында кездесу өтті, оның барысында Көкшетауда агрохабты дамыту, Алматыдағы контейнерлік терминалды жаңғырту және Қытай-Қазақстан құрлық портында (Чэнду) индустриалды парк құру сияқты бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар бірлескен бастамаларды дамыту Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болатынын, сондай-ақ инфрақұрылымды жаңғырту мен елдің транзиттік әлеуетін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Жедел желі
