Жаңалықтар
ҚТЖ және әзербайжандық серіктестер ТХКБ мен логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ (ҚТЖ) Басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Қойшыбаев бастаған жұмыс тобы Баку қаласына жұмыс сапарымен барды.
«Самұрық-Қазына» АҚ-ның көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі міндеттері аясында делегация негізгі серіктестермен бірқатар кездесулер өткізіп, Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытуға қатысты жобаларды талқылады.
Атап айтқанда, ҚТЖ ТХКБ бойында сыртқы терминалдық инфрақұрылым желісін қалыптастыру жөніндегі жұмысты жалғастыру аясында Әлят портына барып, порттың терминалдық нысандарымен танысты және бірлескен логистикалық жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады. Аталған жобалар ТХКБ-ның маңызды буындарына айналып, Қытай, Қазақстан және Әзербайжанның негізгі логистикалық хабтары арасындағы синергияны күшейтуге, көлік инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыруға және маршрут бойынша тасымал көлемін ұлғайтуға ықпал ететін болады.
Сапардың маңызды кезеңдерінің бірі Әзербайжан көлік және коммуникациялар холдингі (AZCON) басшысының орынбасары Вугар Мирзазадемен кездесу болды. Кездесу барысында ынтымақтастықты одан әрі дамыту және жүк ағындарын басқарудың бірыңғай жүйесін құру мәселелері қаралды. Екі елдің логистикалық инфрақұрылымын үйлесімді дамытуға, порттардың қуатын арттыруға және флотты дамытуға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ ірі тоннажды кемелерді қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін порттар акваториясында түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу қажеттілігі талқыланды.
Сонымен қатар, «Әзербайжан темір жолдары» ЖАҚ төрағасы Ровшан Рустамовпен кездесу өтті. Тараптар теміржол көлігі саласындағы стратегиялық әріптестіктің қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ ТХКБ-ға қосымша жүк ағындарын тарту жөніндегі бірлескен шараларды талқылады.
Жұмыс сапары Қазақстан мен Әзербайжанның ынтымақтастықты тереңдетуге және бірлескен логистикалық инфрақұрылымды жедел дамытуға жоғары деңгейде мүдделі екенін растады.
Анықтама үшін: 2026 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша ТХКБ арқылы транзиттік тасымал көлемі 36 мың ДФЭ-ні (350 контейнерлік пойыз) құрады. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда контейнермен тасымалдау көлемі 50%-ға, ал контейнерлік пойыздар саны 82%-ға артты. 2025 жылдың 7 айында 24 мың ДФЭ, яғни 192 контейнерлік пойыз тасымалданған.


Жедел желі
