Жаңалықтар
Кедентранссервис 100% қазақстандық қамтумен алғашқы халықаралық тасымалды ұйымдастырды
2026 жылғы 27 шілдеде 100 пайыз қазақстандық қамтумен алғашқы халықаралық автокөлік тасымалы ұйымдастырылды. Қарағандыдан Омбы қаласына Қазақстандағы ең ірі металлургиялық кәсіпорын – «Qarmet» компаниясының 200 тонна орамды болаты жөнелтілді.
Тасымалды отандық өндірушілерді қолдау аясында «Кедентранссервис» АҚ пен оның еншілес компаниясы – «Қазақстан көлік холдингі» ЖШС бірлесіп ұйымдастырды.
Бұл жоба қазақстандық компаниялар негізінде құрылған халықаралық логистикалық тізбектің алғашқы тәжірибелік үлгісі болды. Жоба Қазақстан металлургиясының өнімін, ұлттық оператордың логистикасын және отандық өндірістегі жүк автокөліктерін бір жүйеге біріктірді.
«Кедентранссервис» АҚ теміржол, автомобиль және терминалдық логистиканы біріктіре отырып, мультимодальды тасымалдарды дамытуда. Компания «Қазақстан көлік холдингі» ЖШС базасында заманауи жүк автомобильдерімен тасымалдау платформасын қалыптастыра отырып, автопаркті кезең-кезеңімен 1 000 бірлікке дейінгі қазақстандық өндірістегі екі доңғалақты тіркемелері бар тартқыштармен ұлғайтуда.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау, машина жасау, металлургия және өңдеуші өнеркәсіптің өзге де салаларын дамыту, сондай-ақ қазақстандық қамту үлесін арттыру – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары аясында іске асырылып жатқан мемлекеттік экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі.

Жедел желі
