Жаңалықтар
Қостанай өңірінен теміржол арқылы астық тасымалдау 20%-ға артты
Қостанай қаласында жаңа егін астығын ел ішінде және экспортқа тасымалдауды ұйымдастыру мәселелеріне арналған «ҚТЖ» ҰК» АҚ астық штабының көшпелі отырысы өтті.
«Кедентранссервис» АҚ астық штабының тұрақты мүшесі ретінде тұрақты көлік логистикасын қамтамасыз етуге бағытталған шешімдерді әзірлеуге белсенді қатысып келеді.
Маркетингтік жыл қорытындысы бойынша (2024 жылғы мамыр мен 2025 жылғы қыркүйек аралығы) Қостанай өңірінен өткен кезеңмен салыстырғанда 20%-ға жоғары көрсеткішпен 3,2 млн тонна астық тиелді. Экспорттық тасымалдар 24%-ға өсіп, 2,4 млн тоннаны құрады. Аралас жемге қатысты да айтарлықтай өсім байқалды – тасымал көлемі 96%-ға артып, 1,3 млн тоннаға жетті, оның ішінде 1,2 млн тоннасы экспортқа жөнелтілді.
Отырыс барысында қатысушылар жылжымалы құраммен қамтамасыз ету, құжаттарды жедел рәсімдеу, ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарды сақтау мәселелерін талқылады. Сондай-ақ үздіксіз логистиканы қамтамасыз ету мақсатында элеваторлармен өзара қатынасқа ерекше көңіл бөлінді.
Жүк жөнелтушілерге астықты уақытылы жеткізу, вагондардың бос тұрып қалуын азайту және ішкі нарықпен қатар шетелге де тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен шаралар қабылдау ұсынылды.



Жедел желі
